Мемлекет есептері

Біз коронавируспен өмір сүруді және іскерлік белсенділікті қайта жалғастыруды үйренуіміз керек

Toppress.kz редакциясы Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстан Республикасындағы өкілдігінің директоры Томас Хельммен эксклюзивті сұхбатты ұсынады, бұл сұхбатта ол Қазақстанда COVID-19 қарсы күрес бойынша қабылданған шаралар туралы пікірлерімен бөліседі.

Томас Хельм: Біз коронавируспен өмір сүруді және іскерлік белсенділікті қайта жалғастыруды үйренуіміз керек

 

Toppress.kz редакциясы Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстан Республикасындағы өкілдігінің директоры Томас Хельммен эксклюзивті сұхбатты ұсынады, бұл сұхбатта ол Қазақстанда COVID-19 қарсы күрес бойынша қабылданған шаралар туралы пікірлерімен бөліседі.

Томас, сіздің оқшауланудағы күндеріңіз қалай өтуде?

 - Ең алдымен, мен болып жатқан жағдайды оқшаулану деп айта алмаймын. Оқшаулану кезінде адам үйде болуға мәжбүр. Қазіргі уақытта бүкіл қала карантинге жабылған. Әрине, бұл жалықтырып жібереді, өйткені мен көп саяхаттауға үйренгенмін. Мен тек Қазақстан бойынша жылына кем дегенде
60-70 рет ұшамын. Халықаралық рейстерді ескерсек, жылына 110 рейс шығады. Мен адамдармен жұмыс істеуге үйренгенмін, елдің әртүрлі өңірлерінде семинарлар ұйымдастыратынмын. Ал қазір қатарынан бірнеше күн бойы Нұр-Сұлтандамын. Қазақстанға келгеннен бері бес жылдың ішінде мұндай жағдай ешқашан болған емес. Менің айналысатын істерім бар болғандығына қарамастан, яғни бірнеше жарияланымдар бойынша жұмыс істеудемін, егер 11 мамырда карантин аяқталмаса, жақында дағдарыс бола ма деп қорқамын. Менің өмірімде көп уақыт бойы үйде қамалып отыру сияқты мұндай жағдай бұрын-соңды болған жоқ.

- Қазақстандық азаматтардың тәртіптілігі туралы не айта аласыз? 

- Шынымды айтсам бұл салада жұмыс істеу керек деп ойлаймын, бірақ мен бұған адамдарды кінәламаймын. Биыл Қазақстанда кейінгі бес жылдағы ең керемет әрі әдемі көктем. Сәуір өте жылы және күн шуақты, мен сәуірде осындай ауа-райы болғандығын бұрын көрмеген едім. Мұндай ауа-райында балаларды үйде ұстау өте қиын, бірде-бір бала үйде бола алмайды. Менің ойымша, адамдардың тәртіптілігі бұдан да жақсы болар еді, бірақ іс жүзінде бұл қиындау. Оқшауланудың өзі адамның табиғатына, әдеттеріне және қажеттіліктеріне тән емес. Адам өзінің табиғатынан әлеуметтік сипатта. Оқшаулану барлық тұрғындар үшін үлкен сын-тегеурін.

- Осы пандемиядан кейін бүкіл әлемде және Қазақстанда медицинаның рөлі арта ма?

- Пандемия зардаптары және болашаққа жоспарлар, осының барлығы пандемия аяқталғаннан кейін қайта бағаланатын болады. Алайда қайта бағалаудың ауқымы туралы айту қиынырақ. Біріншіден, әлеуметтік-экономикалық нұқсанды, сонымен бірге дағдарыстан кейін жасай алатын шараларымызды анықтау қажет. Бұл сұрақ індет аяқталған кездегі біздің жағдайымызға да қатысты. Германиядағы вирусология бойынша ең үлкен институт 2012 жылы парламентке елдің пандемияға дайын еместігін нақты ескерткен болатындығын айта кету керек. Бірақ содан бері ештеңе жасалмады, ал бұл бүгінгі күні көптеген сұрақтарды туындатуда. Пандемия бізге және Қазақстанға жеткеніне таң қалдық. Біздің елдеріміздің денсаулық сақтау жүйелері әртүрлі, сондықтан нәтижелері де түрлі болады. Алайда бұған ешкім дайын болмады. Болашақта елдер мұндай қатерлерге барынша дайын болады деп ойлаймын. Бірақ бұл пандемияның салдары туралы ғана сауал емес, біздің салт-дәстүрімізге, сондай-ақ ауқымды реформаларды қалай жүзеге асыра алатынымызға қатысты сауалдар.

- Біздің үкіметіміздің коронавируске қарсы күрестегі қызметінің тиімділігін қалай бағалайсыз?

- Жалпылай алғанда, наурыз айында қабылданған шаралар дұрыс, мен бұған дейін де бірнеше сөз сөйлеулерімде мұны айтып өткен едім. Мен оларды қолдаймын, бірақ сонымен бірге карантинді одан әрі ұзарту мүмкін емес деп санаймын. Ауа-райына қараңыз, мен айтқандай үйде қамалып отыру мүмкін емес. Балалардың білім алуына қатысты тағы бір маңызды мәселе бар, яғни оларды үйде өз бетінше оқыту қиынға соғады. Бұл жаңа қиындықтар туғызады. Әр отбасы әртүрлі, кейбір ата-аналар үйде балаларын оқыта алмайды, ал басқалары балаларының үйде оқуына көмектескісі келмейді. Менің ойымша, бұдан былай балаларды мектеп пен балабақшаға жібермеу мүмкін емес. Әл-ауқатының айтарлықтай нашарлауына байланысты қиын жағдайда қалған адамдар да көп. Адамдар жұмыстарына қайта оралулары тиіс. Біз осы індетпен өмір сүруді үйренуіміз керек. Әйтпесе, елдің экономикасы және қоғам коронавирустен де көп зардап шегеді. Бүгінгі күнге дейін барлық шаралар дұрыс орындалғандығын айта кету керек, бірақ енді антикоронавирус стратегиясында жаңа тарауды бастау қажет.

- Халық пен бизнесті қолдау бойынша дағдарысқа қарсы шараларды қалай бағалайсыз?

- Әрине, материалдық қолдау көрсету және 42500 теңге бөлу дұрыс шешім болды. Мен оның тағы бір айға ұзартылып, қайтадан қаржы бөлінгеніне өте қуаныштымын. Адамдарға қайтадан өтініш берудің барлық рәсімдерінен өту қажет болмады. Сонымен бірге, 42500 теңге – бұл адамның барлық шығындарын өтей алмайтын шамалы сома ғана. Шағын және орта бизнес үшін салықтық жеңілдіктер де сенімді шара болып табылады және бұл шаралар ұзартылды. Жұмысынан айрылған адамдар, сондай-ақ табыссыз қалған ШОБ салық төлемейді. Бұл белгілі бір кезеңдегі қолдаудың жақсы шаралары, бірақ олар адамдардың іскерлік белсенділікке қайта оралу қажеттілігін алып тастамайды.

- Сіздің ойыңызша, бүгінде бизнес үшін қандай қолдау шаралары қажет? Тек мемлекеттің субсидиялары ғана ма?

- Біздің қызметіміз 100% Германия үкіметімен қамтылған. Менің ойымша, адамдарда әдеттегі өмірге оралу қалай болатындығы туралы нақты түсініктері болуы керек. Олар уақыт шектерін біле отырып, сонда ғана өз
іс-әрекеттерін жоспарлай алады. Адамдардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету ең маңызды мәселе. Алайда, бұл мәселе қарастыруды қажет ететін бір ғана сұрақ емес. Басқа да көптеген әлеуметтік-экономикалық проблемалар бар. Мен Германияда жасалып жатқан шараларға ұқсас нәрсені ұсынар едім. Германияда Этика жөніндегі кеңес деп аталатын консультативтік топ құрылған, оның құрамында дәрігерлер, экономистер, заңгерлер, әлеуметтанушылар және тіпті дін саласының өкілдері де бар, олар стратегия әзірлеп, елдің қалыпты өмір салтына оралу мерзімдерін белгілеуі керек. Адамдар осы стратегияға сүйене алады. Коронавирустан зардап шеккен адамдардың алдағы уақытқа айқын бағдарлары болмаса, үмітсіздікке душар болады. Әртүрлі үмітсіздікке жол бермеу үшін олардың болашақ туралы нақты әрі айқын түсініктері болуы тиіс.

- Режимге байланысты жоспарларыңыз өзгерді ме? 

- Бүгінгі таңда біздің қызметімізде ешқандай өзгеріс болған жоқ. Бізде белгілі бір жұмыс әдістері бар және біз сол бағытта жұмыс істеудеміз. Біздің үкіметтің не істейтінін, қандай қолдау көрсететінін көрейік. Германия үлкен шығынға ұшырады, мүмкін елде болып жатқан жағдайларға байланысты шетелдік ұйымдарға қаражаттың бөлінуіне күмәнданатын адамдар болатын да шығар. Меніңше, қазіргі уақытта және жақын арада үлкен өзгерістер болмайды, бірақ болашақта кейбір жағдайлар өзгеруі де мүмкін.

- Болашақта не нәрсеге басты назар аударасыз?

- Қазіргі кездегі басты жаңа мәселе – бұл коронавирустың зардаптарын жою контекстіндегі экономикалық трансформация. Бұл тақырып барған сайын өзекті бола түсуде, біз бұл зардаптарды қалай жеңуге және алдыңғы қалыпты өмірге қайтадан қалай оралуға болатындығына арналған конференция ұйымдастыратынымызға сенімдіміз. Сонымен бірге біз білім беру, соның ішінде орта арнайы білім және академиялық мәселелер бойынша жұмысты жалғастырамыз. Біз энергетика, саясат, өзін-өзі басқару және бұрын қарастырған басқа да бірқатар мәселелерге назар аударамыз. Бірақ та, экономикалық дағдарыс бірінші кезекте болады деп ойлаймын.

- Сіз Қазақстанға қолдау көрсету көлемін көбейтесіз бе?

- Біздің жобаларымыз Қазақстанға 100% бағытталған, бұл көрсеткіштен асып кету мүмкін емес. Біз басқа жобаларға бір де бір еуро жұмсамадық.

- Қазақстан-неміс орталығы құрылатындығын білеміз, оны құру мерзімдері өзгерді ме?

- Мен орталықты құру мерзімдерінің кешігуі туралы білмеймін. Ашылу салтанатын кейінге шегеру туралы естідім, тек соны ғана. Әрине, жобаға қатысып, шетелге ақша бөліп отырғандықтан біздің Ішкі істер министрлігі мұны мұқият қадағалап отырады. Белгіленген мерзімдерді қадағалайтын арнайы бір ұйымдар бар, сондықтан да жобамен барлығы ойдағыдай болады деген пікірдемін.

- Сарапшылар қатаң оқшауланған режимі бар елдердегі әлеуметтік және саяси шиеленістің өршіп жатқандығы туралы айтуда. Сіздің ойыңызша, Қазақстандағы шиеленіс деңгейін қалай бағалауға болады?

- Ең әуелі, келесі қадамдарды қамтитын нақты әрі айқын стратегиялық жоспар болуы керек. Адамдар бұдан кейін не болатынын білулері тиіс. Бұл тұрғыда транспарентті болу өте маңызды. Мен кез келген оқиғалар болған кезде ғана емес, өз жоспарларыңыз туралы әңгімелесу де өте маңызды деп айтар едім. Үнемі баспасөз конференцияларын және басқа да іс-шараларды, соның ішінде әлеуметтік желілерде де не істеліп жатқанын және не үшін екенін түсіндіріп отыру қажет. Ашық әрекеттер адамдарға белгілі бір
іс-қимылдардың маңыздылығын түсінуге мүмкіндік береді, оларда айқын түсінік пен көзқарас қалыптасады. Халық: «мен үкіметке сенемін», – деп айта алатын болады. Бұл ашықтықты және адамдармен үнемі диалогты қажет етеді. Адам дағдарыстан шығу және қалыпты өмірге оралу жолын түсінгенде ғана сабырлық сақтайды.

- Рахым Ошақбаевпен болған сұхбатыңызда айтқан сараптамалық бағаңызды көпшілік оң пікірмен қабылдады, содан бері бір ай өтті, айтылған пікіріңізге тағы қосарыңыз бар ма?

- Біріншіден, айтылғанның бәрін растаймын, жақсы сұхбат жүргізілді деген пікірдемін. Бірақ бұл сұхбат бір айдан астам уақыт бұрын болды. Қазір біз күн сайын жаңа бір нәрсені білудеміз, сондықтан да айтылған пікірлеріме бірнеше сөз қосуым керек. Қазіргі кезде көптеген пікірлер бар, бірақ адамзаттың қолында келесі жылға дейін коронавирусқа қарсы вакцина болмайтындығы анық. АҚШ мәлімдеген ең оптимистік болжам бойынша қаңтар айында вакцина пайда болады. Германия сарапшылары вакцина келер жылы көктемде пайда болады деген пікірде. Адамдарды бір жыл бойы үйде қамап қою мүмкін еместігін, стратегияны шұғыл өзгерту қажет екендігін түсінемін. Мен Рахыммен сөйлескенімде, вакцина осы жылдың күзіне дейін жасалады деп болжанған болатын. Енді вакцина 2021 жылға дейін қолжетімді болмайтындығын аңғарудамыз. Біз коронавируспен өмір сүруді үйренуіміз керек, іскерлік белсенділікті, соның ішінде халықаралық деңгейде жалғастырып және қайтадан саяхаттай бастауымыз қажет. Әйтпесе, біз өзімізге одан да көп зиян келтіріп, үмітсіздікке душар боламыз.

- Пандемия кезінде жалған жалған жаңалықтар және қауесеттер әлемде кең таралды. Сіз қалай ойлайсыз, мұнымен қалай күресуге болады?

- Әлемде үлкен дағдарыстар болған кезде, әрдайым қауесеттер және қастандық теориялары орын алатындығы сөзсіз. 2001 жылғы 11 қыркүйекті немесе Джон Кеннедидің өлімі туралы еске түсіріңіз. Ресми баяндамалар мен тергеулерден басқа, көптеген қауесеттер және қастандық теориялары болды. Орта ғасырларда да, жүздеген мың адамдардың өмірін қиған оба кезінде оның пайда болуы туралы қастандық теориялары орын алды. Әрине, пандемия кезінде одан да көп қауесеттер таралды. Ең қауіпті болжамдардың бірі вирустың жасанды шығу тегі. Бұл оның стратегиялық қару болғанын білдіреді. Егер бұл рас болса, оның салдары көп болар еді. Сондықтан да, біз бұл мәселеде өте сақ болуымыз қажет. Мен үкіметке үнемі диалог жүргізіп, адамдар мен сыншылардың пікірсайыстарға қатысуына мүмкіндік беруді ұсынамын. Үкімет сыншылдармен дауласып, халықты қастандық теорияларынан арылтып, ресми көзқарасты қалыптастырып бере алады. Ресми веб-сайттар мен басқа ақпарат көздерін әрдайым атап өту маңызды, яғни осы арқылы адамдарды жалған жаңалықтардан сақтай аламыз. Үкімет стратегияларын және келесі іс-қимылдарды талқылауда ашық бола білу керек.

- Коронавируспен және оның салдарларымен күрес жағдайында біздің қоғамның радикалдануы ықтималдығы бар ма? Қылмыстың өсуі, тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы қауесеттер бар. Бұл жаһандық жанжалдарды туындатуы мүмкін бе?

- Шындығында, кез келген жағдайда арандатушылықты туындатуға болады. Адамдар не болып жатқанын білмей түңіліп жатқан кезде, жеңіл жауап іздейтін уақыт келеді. Ал осындай жеңіл жауапты арзан беделге құмартушылар мен қастандық теорияларының жақтаушылары береді. Адамдар кедейлікпен күресуге мәжбүр болған кезде қылмыс деңгейі жоғарылайды. Барлығына бір уақытта, бірдей қамқорлық жасау мүмкін емес. Үкімет мұны бірқатар уақыт бойы жасайтындығы анық. Сондықтан да іскерлік белсенділікке оралу өте маңызды. Адамдар жұмысынан, табыс көзінен және болашағынан айрылған кезде, олар үмітсіздікке душар болады. Олар үнемі өздерінің шағын пәтерлерінде қамалып отыруға мәжбүр болған кезде, отбасылық зорлық-зомбылық ушығуы мүмкін. Германияның стратегиясы басқа, мәселен, олар ешқашан адамдарды үйлерінде қамалып отыруға мәжбүрлемеген. Германия әлеуметтік арақашықтықты қолдайды. Бізде індет жұқтырғандар саны бойынша 160 000 жағдай тіркелді, оның ішінде
130 000 адам індеттен жазылды, 30 000 адам ауру жұқтырғандар болып табылады. Біздің денсаулық сақтау жүйесі қарқынды терапия стационарында 30 000-нан 40 000-ға дейін адамдарды емделуге қабылдауға мүмкіндік береді. Бізде басқа елдерден келген адамдар да емделуде. Олар қалаған жерінде жүріп-тұра алады, тек бір ғана ережені, яғни 1,5 м арақашықтықты сақтаулары тиіс. Біз әлеуметтік арақашықтық стратегиясын ұстанамыз. Әрине, ынтымақтастықтың, дағдарысқа қатысты жауапкершілік сезімінің және дағдарыстан туындаған төтенше салдарлар жағдайындағы көмек көрсетудің жеткіліксіздігі негізінде пандемия жаһандық жанжалдарға алып келуі мүмкін.

- Қазақстанға әртүрлі елдерден көрсетілетін көмекті қалай бағалайсыз? Гуманитарлық көмек БАӘ, Түркиядан, Қытайдан, АҚШ (ҮЕҰ) келді. Мысалы, үкіметтік емес ұйымдардың көмегі, бұл не? Сіздің ойыңызша бұл жақсы ма, әлде ол ерекше назар аудару құралы ма? Көздеген мақсаттары бар ма?

- Жалпылай алғанда, елдердің өзара ынтымақтастық жасасып, көмек көрсеткені өте жақсы. Жоғарыда айтып өткенімдей, Германия Франция, Испания және Ұлыбританиядан келген науқастарды емделуге қабылдайды, өйткені бізде денсаулық сақтау жүйесі жақсы дамыған. Әрине, АҚШ, ЕО, халықаралық ұйымдардың көмек көрсеткені жақсы. Мәселе саясатты қалайтын Қытайға қатысты. Қытай өзінің жауапкершілігін жақсы түсінеді. Біздің білетіндерімізге сәйкес, пандемия Уханда басталды, бірақ олар аңысын аңдап ұзақ отырғандықтан вирус бүкіл әлемге таралды. Вирус таралып жатқан кезде көптеген қытайлықтар басқа елдерге саяхаттады. Енді олар әлемге өздерінің жауапкершіліктері жоқ екенін айтуға тырысып-бағуда. Егер Қытайдың жауапкершілігі туралы айтатын болсақ, онда ол Австралиядағы жағдай сияқты экономикалық санкциялар салады. Қытай гуманитарлық көмек көрсете отырып, адамдарға пандемиямен жақсы күрескендігін көрсетіп, өз жағына тартқысы келеді. Әрине, қазір Қытайдың көмектесіп жатқандығы өте жақсы, бірақ ол індет бойынша мәселені тексеруге ашық болуы тиіс, өйткені бұл бүкіл әлемге пандемия зардаптарынан сабақ алуға және болашақта мұндай жағдайлардың қалай алдын алуға болатындығын түсінуге көмектеседі.

Мен Қазақстанның іс-қимылдарына тәнті екендігімді де атап өткім келеді. Қазақстан, мысалға Тәжікстанға азық-түлікпен көмектесуде, бұл өте құптарлық іс.

- Сіздің туған-туыстарыңыз пандемияға және жалпы оқшаулануға қалай қарайды?

- Германияда адамдар кез келген жерде бола алады. Мәселе мынада, олар арақашықтықты сақтауға мәжбүр. Туған күндер немесе осы тәріздес мерекелік шаралар өткізілмеуде. Жуырда менің ағамның туған күні болды және мерекелік шара өте қарапайым өтті. Әрине, бұған ешкім қуанбайды. Адамдардың көпшілігі өздеріне ұнамаса да, үйден жұмыс істеуге мәжбүр. Менің анам туындаған тәуекелдерге байланысты үй шаруасындағы қызметші әйелдің қызметінен бас тартуға мәжбүр болды. Барлығы әдеттегі өмір салтына оралуды күтуде.

- Неліктен көп адамдар пандемияға сенбейді және індет астарынан түрлі қастандық теорияларын іздеуде?

- Жағдай өте күрделі. Ғалымдар әлі көп нәрсені білмейді. Бұл не болып жатқанын, оның себебі неде екендігі туралы толық түсінік жоқ дегенді білдіреді. Бұл өз кезегінде адамдардың санасында жаулардың бейнелерін жасайды. Адамдар өз қиял-елестерінде түрлі таптаурындарға бейім келеді. Ешбір адамда не болып жатқандығы туралы нақты түсінік жоқ, сондықтан адамдар қауесеттерді өршіте бастайды, ал бұл қастандық теориясының пайда болуына алып келеді. Мұның бәрі өте қауіпті, өйткені бұл қауесеттердің
бір-біріне ешқандай қатысы жоқ. Бірақ та, қастандық теориясын жасайтын адамдар әртүрлі ақпараттарды араластырып әрі жағдайды ушықтыра түседі,
ал бұл басқалардың санасын одан әрі улай береді.

 

Әңгімелескен Алина Алиева, Жанар Абдулова

toppress.kz

 

 

Über diese Reihe

Конрад Аденауэр Стифтанг компаниясының 5 құрлықтағы 70 мемлекетте кеңселері бар. Шетел қызметкерлері сәйкес мемлекеттерде ағымдағы оқиғалар мен ұзақ мерзімді жетілдірулер бойынша мәліметтерді алғашқы болып береді. Олардың «мемлекеттік есептері» Конрад Аденауэр Стифтанг компаниясына келушілерге ерекше бағалауларды, анықтамалық мәліметтерді және болжамдарды ұсынады.